Астаналық қыз-келіншектерге 8 наурыз мейрамы қарсаңында гүл шоқтары таратылды
Бүгін елорданың Сарайшық ауданында қыз-келіншектерге гүл шоқтары таратылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мерекелік іс-шараны Сарайшық ауданының әкімдігі ұйымдастырды.

Сарайшық ауданы әкімінің аппараты инфрақұрылым бөлімі басшысы Сұлтан Мақаштың айтуынша, қызғалдақ гүлін тарату игі дәстүрге айналғанын атап өтті.
«Біз жыл сайын мейрам қарсаңында нәзікжандыларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Бұл күн ақ жаулықты әжелерімізге, аналарымызға, апаларымызға алғысымызды, құрметімізді білдіретін күн», - деді Сұлтан Мақаш.
Көпшілік мерекелік көңіл-күй сыйлайтын іс-шара ауданның ең көп жүретін орындарында, атап айтқанда орталық көшелерде, қоғамдық көлік аялдамалары, сауда орталықтарының жанында өтті. Аудан әкімдігі қызметкерлері аруларды көктем мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады.

«Мұнда тұрғындарға 200 қызғалдақ, 20 ойыншық және шарлар таратылды. Бұл өтіп бара жатқан аруларға мерекелік күтпеген тосын сый болды әрі жақсы көңіл-күй сыйлады», - деді С.Мақаш.
Бүгін елордада әйел ұстаздарға арналған мерекелік кеш өткенін жаздық.