Астаналық косметолог JOLTAP-та SMM мен таргетті меңгеріп, клиенттер санын көбейтті
Астана қаласының тұрғыны, косметолог Әсел Бақытжанқызы JOLTAP жобасы аясында өткен SMM және таргетолог курстары оның кәсібін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бергенін айтады. Оның мәлімдеуінше, әлеуметтік желіні дұрыс пайдалану оның қызметін дамытуға және клиенттер санын арттыруға ықпал еткен, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Әсел Бақытжанқызы сұлулық индустриясына адамдарға пайдалы болу ниеті мен бұл саланың нәтижесін бірден көруге болатын ерекшелігі қызықтырғанын айтады. Бүгінде ол негізінен инъекциялық косметология бағытында жұмыс істейді.
«Сұлулық индустриясына қызығушылығым мен адамдарға пайдалы болсам деген ниетім осы салаға келуіме себепші болды. Оқуымды аяқтағаннан кейін алғашқы пациентімді қабылдап, теріні тазалау және күтім процедурасын жасаған едім. Қазір негізінен инъекциялық косметология бағытында жұмыс істеймін», - дейді ол.
Маманның айтуынша, косметология саласында жұмыс істейтіндер үшін қызметті дұрыс таныстыру мен аудиториямен байланыс орнату өте маңызды. Осы тұрғыда JOLTAP жобасының SMM және таргетолог курстары көп көмегін тигізген.
«JOLTAP жобасы аясындағы SMM және таргетолог курстары кәсіби тұрғыда үлкен көмек болды. Курс шамамен бір жарым аптадай өтті. Осы уақыт ішінде әлеуметтік желіні жүргізудің түрлі тәсілін, бірнеше бағдарламамен жұмыс істеуді және жарнаманы дұрыс орналастырудың қыр-сырын үйрендік. Алған білімімнің арқасында Instagram парақшамды жүйелі түрде жүргізіп, таргет арқылы жарнама беруді қолға алдым. Соның нәтижесінде жаңа клиенттер келе бастады», - дейді Әсел Бақытжанқызы.
Маманның тұжырымдауына сүйенсек, әлеуметтік желі арқылы қызметті дамыту қазіргі уақытта кәсіпкерлер үшін маңызды құралға айналған.
«Қазір адамдардың көпшілігі қажетті қызметті әлеуметтік желі арқылы іздейді. Сондықтан SMM мен таргетті меңгеру мен үшін өте пайдалы болды. Бұл білім өз ісімді дамытуға және клиенттермен байланыс орнатуға мүмкіндік берді», - дейді ол.
Қазіргі уақытта маман орта есеппен күніне 3-6 пациент қабылдайды, ал айына 40-80 адамға дейін қызмет көрсетеді. Оның айтуынша, бұл көрсеткішке жетуде әлеуметтік желілердегі белсенді жұмыс та өз әсерін тигізген.
«Клиенттердің сенімін ақтау үшін жұмыс барысында қауіпсіздік пен сапаға ерекше көңіл бөлемін. JOLTAP жобасында өткен SMM және таргетолог курстары өз ісімді дамытуға үлкен серпін берді. Әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану арқылы клиенттер санын арттырып, кәсібімді тұрақты дамытуға мүмкіндік алып отырмын», - дейді косметолог.
Әсел Бақытжанқызы алдағы уақытта кәсіби біліктілігін арттырып, жаңа технологияларды меңгеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар SMM мен таргет саласында алған білімін пайдаланып, қызметін одан әрі дамытуды көздейді.
Еске сала кетсек, бұған дейін JOLTAP жобасы елордалық көпбалалы анаға кәсібін дамытуға қалай көмектескені жайлы жаздық.