Астанадан қыс мезгілі басталғалы 2 млн текше метрден астам қар шығарылды

Бүгін, 11:36
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадан қыс мезгілі басталғалы 2 млн текше метрден астам қар шығарылды
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада коммуналдық қызметтер қыс мезгілі басталғалы бері тәулік бойғы күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Боран мен қолайсыз ауа райына қарамастан, қар күреу жұмысы тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Атап айтқанда, өткен түнде қаладан 3 146 ауыр жүк көлігінің рейсімен 42 мыңнан астам текше метр қар шығарылды.

9 қаңтар күні таңертеңгі ауысымда қар тазалау жұмыстарына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы және 1 500-ден аса арнайы техника жұмылдырылды.

Жалпы қыс басталғалы бері қаладан қар полигондарына 155 982 рейспен екі миллион текше метрден астам қар шығарылды.

Ең алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда қар тазалау жұмысы жүргізіледі.

Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылуда.

Сонымен қатар аула аумақтарының тазалығын қамтамасыз ету ПИК пен МИБ-тің міндеті екені атап өтіледі. Аталған ұйымдар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен мұздан уақытылы тазалауы тиіс.

Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ жүруге, сондай-ақ ауа райы қолайсыз күндері алыс сапарларға шықпауға шақырады.