Астанада қар күреу жұмысы күндіз де, түнде де жүргізілуде. Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қар полигондарына 2 610 ауыр жүк көлігінің рейсімен елордадан 42 мың текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.
16 ақпан күні таңертеңнен бастап қалада осы жұмысқа шамамен 1 700 арнайы техника мен 3 036 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
«Қыс мезгілі басталғалы бері қаладан қар полигондарына 347 124 рейспен 5 млн текше метрден аса қар шығарылған.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр», - делінген хабарламада.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Еске салайық, бүгін елордада күн ашық болады, жауын-шашынсыз.