Астанадағы көрмеде ауыл шаруашылығының озық технологиялары таныстырылады

Астанадағы көрмеде ауыл шаруашылығының озық технологиялары таныстырылады
Фото: АШМ

21–23 қазан күндері Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында KazAgroFarm-2026 халықаралық көрмесі өтеді. ExpoGroup компаниясы ұйымдастыратын шараға 25-тен астам елден 300-ден астам компания қатысып, ауыл шаруашылығына арналған озық технология мен жаңа әзірлемелерді таныстырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Аталмыш көрмесі дәстүрлі түрде екі негізгі бағытты қамтиды. KazAgro өсімдік шаруашылығына арналған өнімдер мен технологияны — тұқым дайындау мен егін өсіруден бастап, өнім жинау және сақтауға дейінгі үдерістерді қамтыса, KazFarm мал шаруашылығына басымдық береді. Бұл бағытта генетика, асыл тұқымды мал өсіру, ет пен сүт өндіру және дайын өнім шығару салаларындағы жаңалықтар ұсынылады.

Бағдарлама аясындағы маңызды шаралардың бірі — қазақтың ақбас сиырының «Ақбас» тұқымына арналған, оның 75 жылдығына орай ұйымдастырылатын күн. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті мәселелері талқыланатын панельдік отырыстар, семинарлар, конференциялар мен кәсіби кездесулер өтеді. Сондай-ақ шетелдік дипломатиялық миссиялардың қатысуымен бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.

Еске салсақ, 17-18 қазан күндері елордада Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарының тауар өндірушілері қатысатын кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Үш өңірдің шаруалары 1 600 тоннадан астам азық-түлік өнімін ұсынады.