Астанада травматология және ортопедияға арналған отандық медициналық бұйымдар өндірісі ресми түрде ашылды

Бүгін, 17:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада травматология және ортопедияға арналған отандық медициналық бұйымдар өндірісі ресми түрде ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Травматология және ортопедия жөніндегі халықаралық ғылыми-өндірістік орталық пен елордалық Құрылыс-техникалық колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат дуальды білім беру бағдарламасын іске қосу және отандық медициналық бұйымдар шығаратын өндірістік алаң ашуды көздейді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласының әкімдігіне сілтеме жасап. 

Жаңа өндірістік алаң колледж базасында Халықаралық ғылыми-өндірістік орталықтың қолдауымен ашылды. Бұл студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, сондай-ақ лазерлік және дәнекерлеу қондырғылары сияқты заманауи жабдықтарда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Оқушылар оқу барысында тәжірибеден өтіп, кәсіби дағдыларын шыңдап, еңбекақы ала алады.

Орталықтың бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ерсен Жүнісұлының айтуынша, оқшауланған толыққанды өндіріс іске қосылып, алғашқы үш түрлі бұйым әзірленген. Олар техникалық сынақтан және сертификаттаудан өтіп, қазіргі уақытта мемлекеттік тіркеу кезеңінде тұр.

«Келесі жылдың басынан бастап өнімді еліміздің барлық ауруханасына жеткізуге мүмкіндік болады. Алдағы уақытта ортопедиялық приставкалар, арнайы аппараттар, сыртқы бекіткіш құрылғылар, ал 2030 жылға қарай пластиналар, сүйекішілік өзектер мен кортикалды бұрандылар өндіру жоспарланып отыр», - деді Ерсен Жүнісұлы.

Құрылыс-техникалық колледждің директоры Серік Малгелдиновтің айтуынша, жобаның маңызы зор, себебі ол сұранысқа ие отандық өнім шығаруға мүмкіндік беріп, мамандар даярлаудың жаңа деңгейін қалыптастырады.

«Мұнда халықаралық стандарттарға сай толыққанды дуальды оқыту жүйесі жұмыс істейтін болады», - деп атап өтті ол.

Жаңа өндірістік алаңда жылына травматология мен ортопедияда қолданылатын 3-5 мың медициналық бұйым шығару жоспарланып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда өңірлік травматологиялық орталықтар құру жоспарланып отырғанын хабарладық.