Астанада терезеден құлау қаупінің алдын алу шаралары күшейтілді

Астанада терезеден құлау қаупінің алдын алу шаралары күшейтілді
Фото: видеодан скрин / видео: t.me/astana112_tjd

Астанада балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу мақсатында кең ауқымды профилактикалық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға құтқарушылармен қатар жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Полиция департаментінің қызметкерлері және еріктілер ұйымдары қатысты.

Акция барысында көпқабатты тұрғын үйлерде қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балалар жарақатының алдын алуға бағытталған шаралар қабылданды.

Нәтижесінде 300 терезе блокираторы орнатылып, 50 тұрғын үйде аралау жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрғындарға 600 дана ақпараттық-профилактикалық материал таратылды. Жалпы іс-шарамен 900-ге жуық адам қамтылды.

ТЖД мамандары ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға кеңес береді. Ведомство өкілдері балаларды қараусыз қалдырмауға, масаға қарсы торларды қорғаныс құралы ретінде пайдаланбауға және терезелерге арнайы бекіткіштер мен ашылуын шектейтін құрылғылар орнатуға шақырады.

Сондай-ақ мамандар баланың терезеге өздігінен шығу қаупін азайту үшін жиһаздарды терезе маңынан алыстатуды ұсынады.

ТЖД мәліметінше, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау балалардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін шомылу маусымы басталғалы бері астаналық ТЖД судағы қауіпсіздік шараларын күшейткенін жазғанбыз.