ШЫҰ миссиясы Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиалында болды
Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалында болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиалының төрағасы Ерлан Каналимов құрметті қонаққа референдум қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен айтып берді. Оның айтуынша, референдум жарияланған сәттен бастап «тыныштық күніне» дейін елордада 1 132 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, шамамен 900 мыңға жуық адам қамтылған.

«Өткізілген іс-шаралардың басым бөлігі – халықпен кездесулер мен Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістерді түсіндіруге бағытталды. Күн сайын 50-ге дейін түрлі форматтағы кездесу өтіп, оған 20–25 мыңға жуық адам қатысты. Әрбір спикер күніне кемінде 2-3 кездесуге қатысып, тұрғындарға қарапайым тілмен түсіндіру жұмыстарын жүргізді», – деді Ерлан Каналимов.
Түсіндіру жұмыстарына заңгерлер, халықаралық сарапшылар, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ мәслихат өкілдері тартылды. Спикерлер
референдум басталардан 2-3 апта бұрын арнайы дайындықтан өткен.
Өз кезегінде Олег Копылов ШЫҰ миссиясының негізгі міндеті – референдум барысын бақылау және процестің ашық өтуіне куә болу екенін атап өтті.
«Біздің миссияның мақсаты – бақылау жүргізу және ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдерін шақыру. Қазақстан – біздің ұйымның негізін қалаушы маңызды елдердің бірі. Биыл ШЫҰ-ға 25 жыл толады, мерейтой Қырғызстан төрағалығы аясында атап өтеді. Біз бұған дейін де Қазақстандағы референдумдарға қатысқанбыз, бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған еді», – деді ол.
Сондай-ақ Олег Копылов миссияның еш нәрсеге араласпай, тек бақылаушы ретінде жұмыс істейтінін айтып, Қазақстан азаматтарының өз таңдауын еркін
білдіруіне мүмкіндік жасалатынына сенім білдірді.
Айта кетерлігі, жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурыз күні өтеді, ал 14 наурыз - «тыныштық күні».
Еске салсақ, бұған дейін Астанада мониторинг тобы учаскелердің мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімділігін тексергенін жазғанбыз.