Астанада «Sirius Energy» қаржы пирамидасы жарнаны криптовалютамен жинаған

Бүгін, 17:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Sirius Energy» қаржы пирамидасы жарнаны криптовалютамен жинаған
Фото: freepik.com

Астанада «Sirius Energy» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті «Sirius Energy» атауымен әрекет еткен қаржы пирамидасына қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 

Мәліметке сәйкес, ұйымдастырушы өзін Чилиде тіркелген «Sirius Energy» компаниясының өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды жаңартылатын энергия саласындағы жоғары табыс әкелетін жобаларға инвестиция салуға шақырған.

Қатысушылардан қаражат тек USDT криптовалютасы арқылы қабылданып, салымшыларға арнайы жеке кабинет ашылып, онда шартты бонустар көрсетілген.

Азаматтарды тарту мақсатында күдікті Алматы және Астана қалаларында кеңселер ашып, тұрақты түрде түрлі тренингтер ұйымдастырған. Сондай-ақ, Instagram мен TikTok-та белсенді жарнама жүргізіп, қызметінің заңды екендігін көрсету үшін үшінші тұлғаның атына ЖШС тіркеген. Алайда шын мәнінде ешқандай нақты қызмет көрсетілмеген.

Нәтижесінде 380 азамат қаржы пирамидасының құрбаны болған.

Жәбірленушінің бірі мол табыс табатынына сеніп, жобаға инвестиция салу үшін 3 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бірақ, төлем жасалмай қазір ол несиені пайызымен бірге өз қаражаты есебінен өтеуге мәжбүр.

«Соттың санкциясымен күдіктінің банк шоттарына тыйым салынды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды», делінген агенттіктің хабарламасында.

Еске салсақ, 90 мың адам зардап шеккен Asar Baspana қаржы пирамидасының ісі сотқа жолданған болатын