Астанада шаңғыдан ауқымды жарыс өтіп жатыр (фото)
Қысқы спорт түрлерін насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында елорданың Орталық саябағындағы шаңғы-роллер трассасында шаңғыдан ауқымды жарыс өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жас ерекшеліктеріне қарай 8 жас санаты бойынша 500-ден аса шаңғышы жарыс жолына шықты.

Қысқы спорттық мерекені тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтары отбасы мүшелерімен, достарымен бірге келді.

Шаңғы жарысына да отбасымен бірге қатысқандар болды. Солардың бірі – әкелі-балалы Ержан Тұрсынбекұлы мен Ермұхамет Тұрсынбек.
«Біз отбасымызбен бірге қысқы шаңғы спортымен тұрақты түрде айналысамыз. Қазіргі жарысқа балам қатысып жатыр. Одан кейінгі ересектер арасындағы жарысқа өзім қатысамын. Бүгінгі көңіл күйіміз өте жақсы. Бұқаралық спортты дамытуға арналған осындай шаңғы жарысы Астанада жыл сайын өткізіледі. Қала әкімдігіне, ұйымдастырушыларға алғысымыз зор. Бұл жарысқа біз былтырдан бері қатысып келеміз. Биыл екінші рет бақ сынап отырмыз. Мен 40-49 жастағылар арасындағы жарысқа қатысамын», - деді жарысқа қатысушы қала тұрғыны Ержан Тұрсынбекұлы.
Ал оның 13 жастағы ұлы Ермұхамет шаңғы жарысынан алғаш рет жүлдегер атанды.
«Спорттық жарыстарға қатысқанды ұнатамын. Алдағы жарыстардан да қалмауға тырысамын. Шаңғыдан алғаш рет жетістікке жетіп, керемет сезімге бөленіп тұрмын. Көңіл күйім тамаша», - деді №64 мектептің оқушысы Ермұхамет Тұрсынбек.
Қысқы мерекелік іс-шара аясында спорттың 5 түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылды. 75 келіге дейін және 75 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша спортшылар армрестлингтен бақ сынады. 8 кг және 16 кг гірді көтеруден сайысқа түсті. Сонымен қатар 75 келіге дейін және 75 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша спортшылар белбеу күресінен мықтыны анықтады. Сондай-ақ барлық қатысушылар арқан тартудан өзара күш сынасты.

Осылайша, әрбір қатысушы өз күшін сынап, белсенді демалып, бағалы сыйлықтар ұтып алу мүмкіндігіне ие болды.


Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қысқы мерекелік іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Денешынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық Спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының ұйымдастыруымен өтті.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Президент Қысқы Олимпиада ойындары мен Паралимпиадаға қатысатын ұлттық құрама мүшелеріне Мемлекеттік туды тапсырған болатын.