ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Қатар сыртқы саяси ведомстволар арасындағы саяси консультациялардың үшінші раунды өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Делегацияларды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев және Қатар Мемлекеті Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Ахмед Хасан Әл-Хаммади басқарды.

Тараптар көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікке жаңа серпін беруге ұмтылыстарын растады.
Саяси өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, сыртқы істер министрліктері арасындағы үйлестіру тетіктерін жетілдіруге және екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың жаңа бағыттарын зерделеуге назар аударылды.

Өткен жылы Астана мен Дохада екі ел көшбасшыларының өзара сапарлары кезінде қол жеткізілген және ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін берік негіз қалаған келісімдерді дәйекті түрде жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше аталып өтті.
Бұл ретте тараптар экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа айтарлықтай көңіл бөлінді. Энергетика, қаржы секторы, телекоммуникация, агроөнеркәсіптік кешен, логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.

Консультациялар барысында мәдени-гуманитарлық мәселелер назардан тыс қалмады. Екі тарап халықтар арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ортақ ниеттерін білдірді.
Сонымен қатар тараптар негізгі халықаралық және өңірлік процестер бойынша дәйекті пікір алмасты. Кездесу барысында халықаралық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың өзекті мәселелері, сондай-ақ БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, АҚИҰ және басқа да көпжақты алаңдарда өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.