Астанада қар күреуге үш мыңнан астам адам шықты
Астанада қыс мезгілі басталғалы коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте, тәулік бойы жұмыс істеп келеді. Қар күреу жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қар полигондарына 3 154 ауыр жүк көлігінің рейсімен 51 мың текше метрден астам қар мен мұз шығарылды.
23 ақпан күні таңертең қаланы қар мен мұздан тазалау жұмысына 1 946 арнайы техника мен 3 041 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтар – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамаларда жұмыс жүргізіледі.
Қыс маусымы басталғалы бері қаладан қар полигондарына 390 584 рейспен 5 787 942 текше метр қар шығарылды.
Тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, көшелер мен тротуарларға техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы атқарылып жатыр.
Астана әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға және қолайсыз ауа райында алыс жолға шықпауға шақырады.
Еске салсақ, бүгін Астанада күн бұлтты болады.