Астанада қала орталығында қауіп тудырған Porsche жүргізушісі қамауға алынды

Бүгін, 19:11
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада қала орталығында қауіп тудырған Porsche жүргізушісі қамауға алынды
Фото: freepik.com

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Л.-ға қатысты ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша істі қарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана соттарына сілтеме жасап. 

Сотта анықталғандай, 2026 жылғы 2 сәуір сағат 12:47 шамасында Астана қаласында Әл-Фараби көшесімен, Ұлы Дала көшесі жағынан Ф. Оңғарсынова көшесі бағытына қарай бағыт алған «Porsche» маркалы автокөлікті басқарған Л. жаяу жүргіншілер өткелінде тыйым салынған (сары) бағдаршам сигналын елемей, 133 км/сағ жылдамдықпен өткен.

«Құқық бұзушының әрекеттері демонстративті-агрессивті сипатта болып, жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзумен ұштасып, жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіргген. Бұл оның қоғамдық тәртіпті және жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын елемейтінін көрсетеді», - делінген хабарламада. 

Сот отырысында азамат Л. кінәсін мойындап, өкінетінін білдіріп, мұндай жүргізуге асыққандықтан барғанын түсіндірді. Ол 100 км/сағ-тан жоғары жылдамдықпен жүргенін түсінгенін, алайда жол бөлігі бос болғандықтан ешкімге қауіп төндірмейді деп есептегенін көрсетті.

Құқық бұзушылық фактісі Л.-ның түсініктемелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, инспектордың рапортымен, «Сергек» құрылғысының деректерімен, оның ішінде құқық бұзушылық орнынан алынған бейнежазбамен расталады.

Сот қаулысымен Л. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Жаза тағайындау кезінде сот құқық бұзушылықтың жыл басынан бері жылдамдықты асырғаны үшін 59-дан астам әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын да ескерді. 

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Астанада белдік тақпаған және телефон қолданған жүргізушілер ұсталғаны туралы жаздық.