Астанада белдік тақпаған және телефон қолданған жүргізушілер ұсталды

Бүгін, 13:25
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада белдік тақпаған және телефон қолданған жүргізушілер ұсталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада Жедел басқару орталығының (ЖБО) камералары жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтап жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қалада жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында арнайы жұмыстар жүргізіліп, әсіресе қауіпсіздік белдігін тағу, көлік жүргізу кезінде телефон қолданбау және балаларды дұрыс тасымалдау талаптарына ерекше назар аударылды.

«Бақылау барысында бірнеше құқық бұзушылық тіркелді. Мәселен, Audi көлігінің 52 жастағы жүргізушісі Тұран көшесінде қауіпсіздік белдігін тақпаған. Ал Hyundai жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатып телефон пайдаланған. Екі жағдайда да заң бұзушылық камераға түсіп, жүргізушілер жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады полицияда.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жүргізушілерге жол ережелерін сақтаудың маңызын түсіндірді. Балалармен жүрген азаматтарға ерекше көңіл бөлініп, оларды қауіпсіз тасымалдау талаптары ескертілді және арнайы қорғаныс құралдары таратылды.

«Мұндай шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған», - деп атап өтті полицияда.

Еске салайық, Елордадағы мектепте «Заң сақшылары: School Ambassadors» атты жоба басталған болатын.