Астанада Наурыз мерекесіне орай ғылыми жиын өтті

Астанада Наурыз мерекесіне орай ғылыми жиын өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада «Достық үйінде» Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Наурыз – дәстүр мен ғылым үндестігі» атты халықаралық ғылыми-этнографиялық, мәдени-танымдық конференция өтті. Тағылымды жиынды Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Астана қаласының Мемлекеттік архиві ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара барысында «Наурыз – архив деректерінде» атты арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда архив қорларында сақталған сирек құжаттар мен тарихи фотоматериалдар көпшілік назарына ұсынылды.

Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры Жангелді Бержанұлы бұл көрменің тарихи маңызына тоқталып, архив қорында ұзақ уақыт бойы көпшілікке ұсынылмаған тың деректер алғаш рет таныстырылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, көрмеде Наурыз мейрамының әр кезеңдегі тағдырына қатысты маңызды құжаттар топтастырылған.

«Бүгін Көрісу – Амал мерекесіне орай Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің шымылдығын ашып отырмыз. Бұл мерекенің мәні өте зор. Көнеден келе жатқан Наурызды дәріптеу – бүгінгі күннің басты мақсаттарының бірі. Архив те осы ұлттық мейрамды насихаттау бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінгі көрмеде архив қорларынан алынған құжаттар ұсынылып отыр. Олардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы сыртқа шығарылмаған тың деректер», – деді ол.

Жангелді Бержанұлының мәлімдеуінше, құжаттар арасында 1926 жылы кеңестік саясатқа байланысты Наурыздың соңғы рет ресми түрде тойланғанын дәлелдейтін деректер сақталған. Сонымен қатар 1927 жылы Ақмола өңірінде Наурыз мерекесінің аталып өткенін көрсететін құжаттар да бар. Бұл – мерекенің халық жадында үзілмей сақталғанының тарихи айғағы.

Көрме экспозициясында сондай-ақ 1988 жылы Наурыз мейрамының қайта жаңғыру кезеңіне қатысты фотосуреттер мен құжаттық материалдар қойылған. Бұл деректер ұлттық мерекенің тарихи сабақтастығын айқын көрсетеді.

Конференцияның негізгі бөлімінде белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Наурыз мейрамының тарихи, мәдени және рухани мәні жөнінде пікір алмасты. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев ұлттық тарих пен этнография тұрғысынан зерттеулерін ұсынса, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов қазақы таным мен сөз өнеріндегі Наурыздың орнына тоқталды. Ал жазушы-публицист Алдан Смайыл мерекенің қоғамдық-мәдени маңызы туралы ой бөлісті.

Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов Алаш қайраткерлерінің Наурыз мейрамына қатысты көзқарастары жөнінде баяндама жасады. Ал мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали «Наурызнама» тұжырымдамасының ерекшеліктерін түсіндірді.

Айта кетейік, конференцияға көрші түркі тілдес мемлекеттердің өкілдері де қатысты. Қырғызстан мен Өзбекстан елшіліктерінің өкілдері арнайы келсе, Татарстан мен Әзербайжаннан қатысушылар жиынға онлайн форматта қосылды.

Тағылымды жиын архив пен ғылымды, салт-дәстүр мен заманауи көзқарасты тоғыстырған мазмұнды алаңға айналды. Ұлттық құндылықтарды ғылыми тұрғыдан зерделеуге бағытталған мұндай кездесулер Наурыз мерекесінің тарихи маңызын тереңірек танытуға мүмкіндік берері анық.