Астанада мас күйде жүк көлігін басқарған жүргізуші ұсталды

Астанада мас күйде жүк көлігін басқарған жүргізуші ұсталды
Фото: cnhtc.com

Астанада бетон тасымалдайтын ауыр көлікті тізгіндеген жүргізушінің мас екені анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жүргізушіні полиция елордада жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан бақылау шарасы барысында «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында ұстады.

«Сағат 11:00 шамасында HOWA маркалы автомобиль А.Байтұрсынов көшесі бойымен келіп С.Шаймерденов көшесіне солға бұрылған. Полиция қызметкерлері жүргізушіні тоқтатып, тексеру барысында күмән туындаған. Медициналық тексеру қорытындысы оның жеңіл дәрежедегі мас күйде көлік басқарғанын растады», делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды.

Еске сала кетсек, Қарағанды облысының Ағадыр кентінде екі мотоцикл соғылып, оны басқарған жүргізушілер қаза тапты.