Бүгін елордада Махатма Гандидің 156 жылдығы аталып өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астанадағы Үндістан Елшілігіне сілтеме жасап.
Есіл өзенінің жағасындағы Ганди ескерткіші жанында өткен салтанатты іс-шараға Қазақстандағы Үндістан Республикасының Елшісі Я.К. Сайлас Тангал, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, Венесуэланың Қазақстандағы Елшісі Розалба Ло Буэ Антико, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Азамат Малыбаев, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері, БАҚ өкілдері, үнді қауымдастығының мүшелері, және студенттер қатысты. Мұнда жиналғандар Махатма Гандидің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Сайлас Тангал Махатма Гандиді бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыздықтың нышаны ретінде еске алып, оның «Менің өмірім – менің жолдауым» деген сөзінің адамзатқа бағыт-бағдар болатынын атап өтті. Ол Гандидің шындық, дінаралық келісім, тұрақты өмір сүру мен жанашырлық сияқты құндылықтары қазіргі әлемдегі қақтығыстар, теңсіздік және климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлермен күресуде ерекше өзектілігін айтты.

Елші Қазақстан да Махатма Гандидің мұрасын жоғары бағалап, Астана мен Алматы қалаларында ескерткіштер, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Үндістанды зерттеу орталығы, сондай-ақ Алматыда Махатма Ганди мұражайы мен мектебі құрылғанын айтты. Бұл нышандар Үндістан мен Қазақстан арасындағы достық пен ортақ құндылықтардың терең байланысын көрсетеді.
Іс-шара барысында Свами Вивекананда мәдени орталығының қазақ және үнді студентері Гандидің сүйікті әндерін орындады.