Референдум-2026

Астанада көшелерге атау беру жұмысы қалай жүргізіледі

Астанада көшелерге атау беру жұмысы қалай жүргізіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана көшелеріне атау беру кезінде тарихи тұлғалардың есімдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер өкілдері, қазақтың тарихи жер-су атаулары және маңызды мерекелік даталар негізге алынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Айжан Құсайынованың айтуынша, бүгінде елордада ресми атауы бар 1 176 көше нысаны тіркелген. Оның ішінде 18 даңғыл, 1 154 көше және 4 тасжол бар.

«Көшелерге атау беру, тарихи атауларды қалпына келтіру және сақтау жұмыстарын үйлестіру мақсатында қалалық ономастика комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия құрамына Парламент депутаттары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қоғам қайраткерлері және сала мамандары кіреді», – деді Айжан Құсайынова.

2024 жылы елордадағы 19 құрамдас бөлікке атау беріліп, қайта атау жұмыстары жүргізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жобалық атауы №29/1 көше белгілі мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімімен аталды. Сонымен қатар Оралхан Бөкей мен Мұзафар Әлімбаевтың есімдері көшелерге берілді.

Сондай-ақ Бұйрат, Ақтекше, Кендірлі сияқты тарихи топонимдер елорда картасында жаңа атауға айналды. Бұдан бөлек, 11 білім беру ұйымына Қасым Қайсенов, Әлімхан Ермеков, Сұлтанбек Қожанов, Дулат Бабатайұлы және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдері берілді.
2025 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мақсатында елордадағы атаусыз көшелердің біріне армян әліпбиінің негізін қалаушы Месроп Маштоцтың есімі берілді. Бұл шешім паритеттік негізде қабылданған. Өз кезегінде Еревандағы алаңдардың біріне Абай Құнанбайұлының есімі берілді.

Сол жылы Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің 18 стансасына ресми атаулар бекітілді. Олардың қатарында «Әуежай», «Атамекен», «Есіл», «Мәңгілік Ел», «Астана жұлдызы», «Нұра», «Университет», «Ұлы Дала», «Астана Арена», «Жекпе-жек сарайы», «Сығанақ», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі», «Ұлттық музей», «Театр», «Мыңжылдық аллеясы», «Жібек жолы» және «Нұрлы жол» стансалары бар.

Ал 2026 жылғы 5 маусымда қабылданған Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен бірқатар көшеге жаңа атаулар берілді. Соның ішінде «Нұра» ауданындағы жобалық атауы Е754 көшеге Болгария астанасының құрметіне «София» атауы берілді.

Сонымен қатар Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарының арасындағы, «Астана Арена» мен «Алау» мұз сарайының маңында орналасқан атаусыз көшеге әйгілі саяхатшы әрі көпес Марко Полоның есімі берілді.

Марко Поло XIII-XIV ғасырларда Азия елдеріне жасаған сапарларымен танымал. Оның еңбектері әлем халықтарының географиясы мен тарихын зерттеуге зор үлес қосып, әлемдік өркениет тарихында ерекше орын алды.

Осылайша, елордадағы ономастикалық жұмыстар тарихи мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, көрнекті тұлғалардың есімдерін ұлықтау және халықаралық мәдени байланыстарды дамыту бағытында жүйелі түрде жалғасып келеді.