Астанада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр
Астанада өткен түннен бері толассыз қар жауып жатыр. Қардың мол жаууына байланысты елорданың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қаланы қардан тазалау жұмысы тәулік бойы, үзіліссіз жүргізіліп жатыр.
«Өткен түнде қаладан қар полигондарына 1 277 рейспен 18 мыңнан астам текше метр қар шығарылды.
12 қаңтар күні таңнан бастап қар тазалау жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 2 мың арнайы техника тартылды.
Қыс маусымы басталғалы бері елордадан қар полигондарына барлығы 170 033 рейспен 2,2 миллион текше метрден астам қар шығарылды», - делінген хабарламада.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылуда. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр.
Сонымен қатар аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) міндетінде. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақытылы тазалауы тиіс.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Еске сала кетейік, бұған дейін екінші ауысымдағы бастауыш сыныптары сабақты қашықтан оқитынын жаздық.