Астанада Есіл контрреттегішін салу жобасы пысықталды
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Азия даму банкінің вице-президенті Фатима Ясминмен кездесті. Тараптар бірлескен жобалардың іске асырылу барысын және алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесуде Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыруға дайындау және мемлекеттік кепілдік алу рәсімдері жүргізіліп жатыр.
Контрреттегіштің жобалық сыйымдылығы 873 млн текше метр. Нысан тасқын суын жинақтап, оның ағысын тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Бұл Есіл өзенінің төменгі ағысына судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етіп, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар өзен жағалауындағы елді мекендерді су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
«2024-2028 жылдарға арналған су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында Қазақстанның сегіз өңірінде су қоймаларын салу және реконструкциялау бойынша 42 жоба іріктелді. Біз осы бастамаларды іске асыру бағытында Азия даму банкімен ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты пысықтауға дайынбыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Еске салайық, бұған дейін елімізде Ислам даму банкінің қолдауымен төрт жаңа су қоймасы салынатыны туралы жаздық.