Астанада «Astana Ютария LTD» ұжымына жаңа Конституция жобасы таныстырылды

Астанада «Astana Ютария LTD» ұжымына жаңа Конституция жобасы таныстырылды
Фото: Ернұр Сағымбек

Елордада «Astana Ютария LTD» мекемесінің қызметкерлерімен кездесу өтіп, «Әділетті әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция өкілдері жаңа Ата заң жобасындағы өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жиын барысында маңызды құжаттың мазмұны мен негізгі бағыттары таныстырылып, қатысушылардың сауалдарына жауап берілді.

«1995 жылғы Конституцияны аз ғана топ әзірлегені белгілі. Ал бұл жолы жобаға халық белсенді қатысып, 10 мыңға жуық ұсыныс түсті. Сондықтан құжатты бүкіл қоғам талқылады деп айтуға негіз бар. Әр азамат Конституция мәтінін өзі оқып, саналы түрде бағалауы керек. Бұл – мемлекет пен қоғам өмірін реттейтін негізгі заң. Онда азаматтардың құқықтары, бостандықтары және деректерді қорғау мәселелері нақты айқындалған», – деді Respublica партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы, Re Women Astana әйелдер қанатының төрайымы Сәуле Сағади.

ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі Динара Сәдуақасова жаңа жобада адам құндылығы басымдыққа ие екенін жеткізді.

«Жаңа Конституцияда адам капиталы бірінші орынға қойылған. Білім, зияткерлік даму, экологиялық жауапкершілік қағидаттары Ата заң деңгейінде бекітіледі. Отбасылық құндылықтар мен тарихи сабақтастық та нақты көрсетілген. Қоғамда түрлі пікірлер болуы заңды. Біздің міндет – әр сұраққа ашық жауап беру. Конституция – бүкіл халықтың құжаты, сондықтан оны түсіну мен талқылау – ортақ іс», – деді ол.

Кездесу соңында қызметкерлер жаңа жобаға қатысты ой-пікірлерін білдіріп, мамандар сауалдары бойынша нақты түсіндіріп берді.

Еске салсақ, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық прокуратура қызметкерлері «Астана-АЭК» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді.