Заң мен тәртіп: Елордалық кәсіпорында қызметкерлердің құқықтық сауатын арттыруға арналған кездесу өтті
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық прокуратура қызметкерлері «Астана-АЭК» АҚ еңбек ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында прокурорлар кәсіпорынның 120 қызметкеріне «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасының негізгі ережелерін түсіндірді. Іс-шараға Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Құсайын мен қала прокурорының көмекшісі Аян Нұрман қатысты.
Жиында заңдылықты сақтау, құқықтық мәдениетті арттыру және құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, есірткі қылмыстарының, дропперлік пен алаяқтықтың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шаралары қарастырылды.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер, соның ішінде сталкинг, буллинг, некеге мәжбүрлеу және басқа да қылмыстар үшін жауапкершілікті кеңейтуге қатысты жаңа толықтырулар түсіндірілді.
Кездесу соңында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап алды.
