Референдум-2026

Астанада алғаш рет жергілікті брендтердің дизайн-фестивалі өтеді

Бүгін, 09:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада алғаш рет жергілікті брендтердің дизайн-фестивалі өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бейбітшілік және келісім сарайында 11-12 шілде күндері Астана қаласы әкімдігінің және «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының қолдауымен алғаш рет Astana Pop Up Store – сән, дизайн, гастрономия, музыка мен кәсіпкерлікті бір алаңға тоғыстыратын жергілікті дизайнерлердің жаңа қалалық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Екі күн бойы Қазақстанның әртүрлі қаласынан келген 50-ден астам бренд киім, аксессуарлар, зергерлік бұйымдар, интерьер заттары, косметика, тұрмысқа арналған өнімдер мен авторлық жобаларын ұсынады.

Ұйымдастырушылар жергілікті брендтер мен заманауи қалалық мәдениетке қызығушылық танытатын бірнеше мың елорда тұрғыны мен қала қонағы келеді деп күтеді.

Astana Pop Up Store жобасын Қазақстандағы жергілікті бизнес пен креативті индустрияларды қолдайтын ең танымал бастамалардың бірі – Almaty Pop Up Store командасы жүзеге асырады. Соңғы жылдары бұл жоба қазақстандық брендтердің жаңа тұтынушылар табуына, өнімдерін сынақтан өткізуіне және жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

«Бүгінде жергілікті брендтер Қазақстанның жаңа мәдени және экономикалық келбетін қалыптастырып жатыр.

Өнімдердің сапасы, дизайн деңгейі және кәсіпкерлердің амбициясы артып келеді. Astana Pop Up Store – брендтерді, сатып алушыларды, серіктестерді және жергілікті өндірісті қолдайтын жандарды тоғыстыратын кездесу алаңы», – дейді жобаның тең құрылтайшысы Мәдина Аман.

Дизайн-жәрмеңкеде қонақтарға қазақстандық өндірушілердің дизайнерлік киімдері мен аксессуарлары, авторлық әшекейлері, қолдан жасалған сабын мен косметикасы ұсынылады.

Сонымен қатар биоинженерлер мен өнеркәсіптік дизайнерлердің теңіз балдырынан жасалған былғары, саңырауқұлақ негізіндегі көбік сияқты экологиялық материалдардан әзірленген инновациялық өнімдерінің прототиптері таныстырылады.

Фестиваль аясында гастрономиялық аймақ, серіктестердің арнайы жобалары мен музыкалық бағдарлама ұйымдастырылады. Бас сахнада екі күн бойы Moldanazar, Asiya, Torearyq, Yez және Oyeleye өнер көрсетеді. Іс-шара кеңістігі жаңа брендтермен танысып, олардың авторларымен жүздесуге және қазақстандық креативті индустриядағы жаңа есімдерді ашуға мүмкіндік береді.

Astana Pop Up Store фестивалінің елордада өтуі жергілікті өндіріс пен заманауи қазақстандық дизайнға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Жоба шағын бизнесті дамытуға, отандық брендтерді насихаттауға және қалалық тұтыну мәдениетінің жаңа үлгісін қалыптастыруға арналған тұрақты алаң құруды мақсат етеді.

Фестивальді Almaty Pop Up Store командасы Астана қаласы әкімдігі мен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының қолдауымен ұйымдастырады.

Фестиваль 11-12 шілде күндері сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Еске сала кетейік, Астанада демалыс күндері BaiQymyz-2026 гастрофестивалі өтеді.