Референдум-2026

Астанада «Әділет» партиясының қалалық сайлауалды штабы ашылды

Астанада «Әділет» партиясының қалалық сайлауалды штабы ашылды
Фото: «Әділет» партиясы

Бүгін, 23 шілде күні елордада «Әділет» партиясының Астана
қалалық сайлауалды штабының ресми ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Астана қалалық сайлауалды штабының тең төрағалары Ерлан Каналимов пен Мағжан Қыстаубаев, штабтың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, кандидаттар, сенімді өкілдер, партия белсенділері және қоғам өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында «Әділет» партиясының сайлауалды
бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, қалалық штабтың сайлау науқаны кезеңіндегі басты міндеттері айқындалды.

Атап айтқанда, елорда тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуге, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін жинауға, партия бағдарламасын кеңінен түсіндіруге және қаланың барлық ауданында жүйелі жұмыс жүргізуге басымдық берілмек.

«Біз қалалық сайлауалды штабтың жұмысын халыққа барынша жақын болу қағидатына негіздеп құрдық. Осыған сәйкес, Астанада сайлауалды науқан аясында 534 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 598 іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Оның қатарында тұрғындармен кездесулер, мобильді үгіт-насихат топтарының
жұмысы, «Есіктен есікке» акциясы, көшпелі штабтардың қызметі
және елорданың барлық 17 сайлау округін қамтитын
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бар.
Сондай-ақ азаматтарды ашық әрі жедел ақпараттандыруға
ерекше мән береміз. Бүгінде елордада 727 сыртқы жарнама нысаны мен 463 жарнамалық алаң іске қосылды. Қалалық штаб құрамында 218 адам жұмыс істейді. Ал дауыс беру күні қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін 806 байқаушы мен 1209 сенімді өкіл
жұмылдырылады», – деді «Әділет» партиясының Астана қалалық
сайлауалды штабының төрағасы Ерлан Каналимов.

Сонымен қатар бүгін қалалық сайлауалды медиа-штаб өз жұмысын бастады. Оның негізгі міндеті – сайлауалды науқанды ақпараттық сүйемелдеу және бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформалар арқылы тұрғындармен жедел байланыс орнату.