Астанада №47 «Ақжелкен» балабақшасының жаңа ғимараты ашылды
Астанада мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы ретте елордадағы №47 «Ақжелкен» балабақшасының тәрбиеленушілеріне арналған қосымша ғимарат пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Жаңа нысан Көктал тұрғын алабындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Мұнда логопед пен психолог кабинеттері, сенсорлық және инклюзивті қолдау бөлмелері, сондай-ақ музыка залы қарастырылған. Бұл өз кезегінде бүлдіршіндердің танымдық, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
№47 «Ақжелкен» балабақшасына қосымша ғимараттың ашылуы елордада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісін кеңейту және балаларды сапалы тәрбиемен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Қазіргі таңда Астанада балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта 2029 жылға дейін жалпы саны 14 мың орынға арналған 60 жаңа балабақша салу жоспарланған.
Биылдың өзінде 600 орындық екі мемлекеттік балабақша пайдалануға берілді. Олардың қатарында Нұра ауданындағы Әйтеке би көшесінде орналасқан №99 «Бүлдіршін» балабақшасы мен Есіл ауданындағы Пригородный тұрғын алабында ашылған №100 «Көркем» балабақшасы бар.
Ал 2026 жылы тағы алты балабақшаны іске қосу көзделіп отыр. Жалпы сыйымдылығы 1949 орын болатын бұл нысандардың екеуі мемлекеттік, төртеуі жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ретінде жұмыс істемек.
Сондай-ақ жаңа Бас жоспарға сәйкес 2035 жылға дейін қала аумағында 183 балабақша салуға арналған жер телімдері белгіленген. Бұл алдағы жылдары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының санын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Елордада мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанымен, халық санының өсуі мен урбанизация үдерісі балабақша орындарына деген сұранысты сақтап отыр. Осыған байланысты алдағы уақытта мемлекеттік және жекеменшік серіктестік тетіктерін дамыту, жаңа орындар ашу және қолданыстағы желінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.
.