Астанада 400-ден астам сақшы жоғалған баланы іздестіруге жұмылдырылды

Астанада 400-ден астам сақшы жоғалған баланы іздестіруге жұмылдырылды
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Астанада бірнеше сағат бойы кезекшілік атқарып жүрген 400-ден астам полиция қызметкері жоғалып кеткен баланы іздеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгін түскі уақытта «102» жедел арнасына Әл-Фараби даңғылы бойында орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласында кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәліметке сәйкес, бала балалар ойын алаңында көзден таса болған.
Ата-анасының айтуынша, анасы баланы ойын алаңына кеткен деп ойлап,  сыртқа шыққан кезде оны таба алмаған. Баласын өз бетінше іздегенімен нәтиже болмаған соң, дереу полиция қызметіне жүгінген.
Іздестіру жұмыстарына қалалық полиция департаментінің 400-ден астам қызметкері, сондай-ақ волонтерлер жұмылдырылды.
Баланың жоғалған аумағын, аулалар мен оған іргелес көшелерді тексерді.
Жедел әрі үйлесімді жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде 4 жастағы бала қысқа мерзім ішінде табылып, ата-анасына аман-есен табысталды. Балаға медициналық көмек қажет болмады, оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген.
Баласын табыстаған тәртіп сақшыларына  ата-анасы көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдірді.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, әсіресе ойын алаңдарында олардың қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстауды ескертеді. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда уақыт жоғалтпай «102» жедел арнасына хабарласу қажеттігін тағы да атап өтті.