Астанада 300-ден астам педагог тәжірибе алмасты

Астанада 300-ден астам педагог тәжірибе алмасты
Фото: Астана қаласы Әдістемелік орталықтан

Бүгін Астанадағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясында «Диалог және даму: AR аясындағы кәсіби қоғамдастық» тақырыбында халықаралық конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының Әдістемелік орталығы ұйымдастырған конференцияға 300-ден астам жобадағы педагогтер мен «Назарбаев интеллектуалды мектептер» дербес білім беру ұйымы, Bottisham Village College (Кембридж) өкілдері және Кембридж университетінің құрметті профессоры Коллин Маклафлин мен білім саласындағы зерттеуші Кейт Эванс және т.б қатысты.

«Бүгін халықаралық SHARE жобасы аясында жыл сайынғы халықаралық конференция өтті. Жоба мектептерде зерттеу мәдениетін дамытуға арналған. Мұндағы мақсат – білім беру сапасын арттыру. Астана қаласы Білім басқармасы мен Кембридж университеті арасында келісімшарт жасалды. Соның аясында мектептерде семинарлар, конференциялар, шеберлік сағаттары өткізіліп жатыр», - деді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Жангелді Әмірғалиев.

Педагогтердің дағдыларын дамытуға бағытталған конференцияда Коллин Маклафлин мен Кейт Эванс тренингтер өткізді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ұстаздар арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтады. Сондай-ақ мектептерде жаңа мүмкіндіктерді енгізіп, инновациялық тәжірибені дамытуға қолайлы орта құруға көмектеседі.

Бұған дейін Астанада балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері тәжірибе алмасқанын жаздық.