Астанада 2030 жылға дейін қанша апатты үй сүріледі
Бұл туралы Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов «Вечерняя Астана» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«2023-2029 жылдары сүрілуге жататын 206 апатты үйдің тізімі жасалды. Бұл шамамен 5 мыңға жуық пәтерді қамтиды («Алматы» ауданы – 3 үй, «Байқоңыр» – 104, «Есіл» – 5, «Сарыарқа» – 82, «Сарайшық» – 12 үй). 2024-2025 жылдары жүргізілген тексерулер нәтижесінде тағы 27 үй апатты деп танылып, 2029-2030 жылдарға арналған жоспарға енгізілді. Жалпы, 2030 жылға дейін 174 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып отыр. 2026 жылы – 25 үй, 675 пәтер; 2027 жылы – 29 үй, 745 пәтер; 2028 жылы – 32 үй, 765 пәтер; 2029 жылы – 74 үй, 1 154 пәтер; 2030 жылы – 14 үй, 843 пәтер), бұл – 4 мыңнан астам пәтер», – деді Әнуар Саипов.
Басқарма басшысының сөзінше, бұл жұмыстар бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«2013 жылдан бастап Астанада 341 апатты үйдің тұрғындары көшірілді, нәтижесінде 6 мыңнан астам отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. Соңғы кезеңдерге тоқталсақ, 2023-2025 жылдардың өзінде 59 үйдің тұрғындары көшіріліп, 1 742 пәтер берілді», – деді ол.
Бұған дейін Астанада жаңа қоғамдық кеңістік пайда болғанын жаздық.