Астанада жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады – ВИДЕО

Бүгін, 10:16
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады – ВИДЕО
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада көшелерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Урбанистика орталығына сілтеме жасап.

Негізгі жобалардың бірі – Б.Момышұлы даңғылы. Тәуелсіздік даңғылынан М.Жұмабаев көшесіне дейінгі учаскеде қоғамдық кеңістікті кешенді жаңарту жоспарланған – жаяу жүргіншілерге қолайлы орта, көгалдандыру және сапалы қалалық орта қалыптастыруға басымдық беріледі.

Жоба аясында көше жарығын жаңарту, ірі ағаштар отырғызу, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ тұрғын үйлер маңында жайлы демалыс және шағын саябақ аймақтарын құру қарастырылған.

«Сәтпаев көшесімен қиылысында жаңа гүлзар пайда болады. Бұрын бұл аумақ тұрғын үй құрылысына қарастырылған, алайда оны тұрғындар үшін сақтап, жасыл қоғамдық кеңістік қалыптастыру туралы шешім қабылданды.

Мұндай шешімдер қаланың басты басымдығын көрсетеді – өмір сүруге қолайлы, қолжетімді және теңгерімді ортаны дамыту», - делінген хабарламада.

Астана нүктелік өзгерістерден көшелер мен аудандарды жүйелі түрде абаттандыруға кезең-кезеңімен көшуде.