Соңғы үш күнде коммуналдық қызметтер елорда аумағынан 270-тен астам жүк көлігіне тең қар шығарды. Жұмыс тәулік бойы, ауысыммен жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
6 қараша күні таңертеңнен бастап қала бойынша қар тазалау жұмысына шамамен 2 500-ден астам жол жұмысшысы мен мыңға жуық арнайы техника шықты.
Өткен түні қаладан арнайы полигондарға 36 рейспен 444 текше метр қар шығарылды.
«Қыс маусымы басталғалы бері барлығы 3,3 мың текше метрден астам, яғни 272 жүк көлігіне тең қар тазартылып, шығарылды.
Ең алдымен қаладағы негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Содан кейін жұмыс қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жүргізіледі», - делінген хабарламада.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда абай болуға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарлардан бас тартуға шақырады.