Астана шығармашылығыма жаңа серпін берді – Кентау Назарбек
Композитор, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, елордадағы Оқушылар сарайы вокал бөлімінің жетекшісі Кентау Назарбек Астана күніне орай елорда туралы ойымен бөлісіп, қаланың өзінің шығармашылық жолында ерекше серпін бергенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Композитордың айтуынша, Астанаға қоныс аударғанына шамамен 15 жыл болған. Осы уақыт ішінде елорда адам танымастай өзгеріп, заманауи әрі жайлы қалаға айналған.
«Біз келгендегі Астана мен қазіргі Астананы салыстыруға келмейді. Бұрын негізінен тұрғын үйлер көп салынса, қазір гүлзарлар, демалыс орындары, қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді. Қуантатыны – жаңа аудандармен қатар ескі қала да жаңарып жатыр. Бұл – құптарлық іс», – деді Кентау Назарбек.
Ол елорданың өз шығармашылығына ерекше әсер еткенін айтып, көптеген танымал туындылары дәл осы қалада дүниеге келгенін жеткізді.
«Астана менің шығармашылығымның кең қанат жаюына үлкен ықпал етті. Осы қала маған жаңа шабыт сыйлады, өмірге басқаша қарауға мүмкіндік берді. Кейінгі кеңінен танылған шығармаларымның көбі дәл осы елордада дүниеге келді. Сондықтан Астана – мен үшін өте ыстық қала», – деді композитор.
Кентау Назарбектің айтуынша, бүгінде Астана Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген азаматтарды біріктіріп, мәдениет пен шығармашылықтың маңызды орталығына айналып келеді.
Сондай-ақ ол елордаға арнап жазған «Арайлы Астана» әнінің халық арасында кеңінен орындалып жүргенін ерекше ықыласпен айтты.
«Елордадағы бір балабақшаның бақшасына менің әнімнің аты «Арайлы Астана» атауы берілді. Кезінде бұл ән Бәйтерек монументінде де жиі шырқалып тұрды. Осындай туындымның елордамызға қызмет етіп жүргеніне қуанамын», – деді ол.
Сөз соңында композитор барша қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтап, елорданың әрдайым жайнап, көркейе беруіне тілектестік білдірді.