«Astana Smart City» жобасы: Қаланың негізгі жүйелері бірыңғай интеллектуалды платформаға біріктіріледі
Бүгін Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде «Astana Smart City» жобасын іске қосу: қаланы басқарудың жаңа мүмкіндіктері және қауіпсіздікті арттыру» тақырыбында баспасөз мәлихаты өтті. Онда қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық деректерге, талдауға, цифрлық технологияларға және жасанды интеллект құралына негізделген қаланы басқару жүйесінің артықшылықтарына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бексұлтан Қуандық елорданың қарқынды дамып, халық саны мен қалалық инфрақұрылымның өсуіне байланысты жолдарға, инженерлік желілерге және коммуналдық қызметке түсетін жүктеме артып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздікке, қала өмірінің сапасына және қалалық сервистер жұмысының жедел әрекет етуіне қоятын талап та күшейіп келеді. Осыған байланысты қаланы басқарудың жаңа моделіне көшу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтқанда, деректерге, талдауға, цифрлық технологияларға және жасанды интеллект құралына негізделген басқару жүйесі.
«Сәуір айында Мемлекет басшысының қатысуымен «Astana Smart City» стратегиялық жобасы іске қосылды. Бұл жоба елорданың цифрлық дамуы жолындағы маңызды кезеңі болып, қауіпсіз, технологиялық әрі тұрғындарға қолайлы қала қалыптастыруға бағытталған нақты қадам.
Аталмыш жоба мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында Астана қаласының әкімдігі, G42 халықаралық холдингінің құрамына кіретін Presight AI компаниясы және «Астана Innovations» АҚ-ның қатысуымен бірлесіп іске асып жатыр», - деді Бексұлтан Қуандық.
Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы басшысының орынбасарының мәлімдеуінше, басты мақсат - қаланың негізгі жүйелерін бірыңғай интеллектуалды платформаға біріктіру арқылы елордадағы қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру. Мұндай экожүйе қаладағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға, деректерді талдауға, оқиғаларға жедел ден қоюға және анағұрлым нақты басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

«Жобаның негізгі элементтерінің бірі - заманауи деректер инфрақұрылымы. Елорда қажеттілігі үшін 100 серверлік тірекке есептелген дербес Деректерді өңдеу орталығы құрылған. Жаңа орталық қаланың цифрлық жүйелердің жұмысының тұрақтылығын, үлкен көлемдегі ақпараттарды сенімді сақтауды және өңдеуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді одан әрі енгізуге технологиялық негіз қалыптастырады. Өз инфрақұрылымының болуы қалалық ақпараттық жүйелердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Бексұлтан Қуандық.
Оның айтуынша, жоба барысында бейнебақылау және талдау жүйесін белсенді түрде дамытып келеді. Қазіргі таңда жасанды интеллект элементі бар 60 мыңнан астам қалалық камера бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген. Ол 35-тен астам жағдайды талдай алады.
«Технологиялар өртті, түтінді, қараусыз қалған заттарды, төбелесті, агрессивті әрекеттерді, қоғамдық тәртіпті бұзу фактісін және өзге де жағдайды автоматты түрде анықтап, қызметтердің әрекет ету уақытын жеделдетуге әрі тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді», - деді Бексұлтан Қуандық.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты - жол қауіпсіздігі. Қазір қалада 1 200-ден астам аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Олар жол қозғалысы ережесінің бұзудың 15-тен астам жағдайын тіркейді. Мысалы қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және жаяу жүргіншілерге жол бермеу сияқты құқықбұзушылықтар бар.
«Ахуалдық орталық- қалалық жүйелердің деректерін нақты уақыт режимінде біріктіріп, коммуналдық, шұғыл және басқа да қызметтерінің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді.Орталық жағдайды бақылап, оның даму барысын болжауға және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін ұсынымдар қалыптастырады. Жол-көлік оқиғасы, өрт, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе басқа да оқиға анықталған жағдайда, ақпарат тиісті қызметтерге жедел жолданады», - деді басқармасы басшысының орынбасары.
Бексұлтан Қуандықтың айтуынша, «Astana Smart City» жобасы бойынша елорда проактивті басқару жүйесіне көшеді.
«Қалалық қызметтер енді болған оқиғаларға ғана әрекет етіп қоймайды, олар тәуекелдерді алдын ала анықтауға, оқиғалардың алдын алуға және объективті деректер негізінде шешім қабылдауға мүмкіндігі болады. Жоба нәтижесінде тұрғындар үшін қауіпсіздік деңгейі артып, қызметтердің жеделдігі күшейеді, көлік және коммуналдық үдерістер жақсарып, қалалық ортаның сапасы жоғарылайды», - деді ол.
Бексұлтан Қуандық алдағы уақытта платформаны әрі қарай дамыту, сервистер мен бейнеталдау жүйесін кеңейту жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жоба - қауіпсіздікке, жайлылыққа және тұрақты дамуға бағдарланған заманауи цифрлық қаланы қалыптастырудың негізгі элементінің бірі болмақ.