Астанада қылмыстық топ фишинг таратып тұрғындардың банк шотындағы қаражатын жымқырған
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың жеке деректері мен ақшасын иемдену мақсатында фишинг хабарламаларын жаппай таратқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Биыл қаңтар айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстан аумағында заңсыз әрекет ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынды ақшалай сыйақыға тартқан. Кейін қылмыстық схемаға Астана қаласында жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен басқа да адамдар қосылған.
Күдіктілер SMS бластер қолданған. Бұл — ұялы байланыс базалық стансасының жұмысын имитациялап, операторлардың сүзгілеу жүйесін айналып өту арқылы хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік беретін құрылғы.
Нәтижесінде төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ операторларының абоненттеріне белгілі компаниялардың атынан бонусты айырбастау туралы ұсыныс жазылған шамамен 150 мың фишинг SMS хабарлама жіберілген. Сілтемеге өткен қолданушылар жалған сайтқа бағытталып, онда олардан жеке және банк деректерін, оның ішінде төлем картасының деректерін, CVV кодты және SMS арқылы келетін растау кодын енгізу сұралған.
Осылайша күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен банк шотындағы қаражатына қол жеткізген.
Тергеу барысында тәркіленген SMS бластер жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекетін жүргізуге арналған арнайы техникалық құрал екені анықталды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 399-бабы 2-бөлігі «Ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынды.
Еске салсақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі пайдаланушылар мобильді қосымшаларға ұсынатын рұқсаттарға мұқият қарау қажеттігін мәлім етті.