Астана қаласы Әділет департаменті 2025 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылады

Бүгін, 17:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астана қаласы Әділет департаменті 2025 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылады
Фото: freepik.com

Ведомство қызметінің негізгі басымдықтары заңдылықты қамтамасыз етуге, халыққа көрсетілетін құқықтық көмектің сапасын арттыруға және заңгерлік қызмет субъектілерінің қызметіне бақылауды күшейтуге бағытталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Нотариат қызметі: бақылау және жауапкершілік

Елорда аумағында нотариаттық қызметті 892 нотариус жүзеге асырады. 2025 жылы Әділет департаменті бақылау функциялары шеңберінде лицензиялардың қолданылуын тоқтату туралы 57 ұсыныс енгізді. Оның ішінде 40-ы нотариустардың өз еркімен берген өтініштері негізінде, 13-і анықталған заңбұзушылықтарға байланысты және 4-і Астана қаласы Нотариат палатасының ұсынысы бойынша қабылданды.

Есептік кезеңде заңнама талаптары мен нотариаттық іс жүргізу қағидаларының сақталуына бағытталған 85 тексеру жүргізілді, оның ішінде 67-сі жоспардан тыс, 18-і жоспарлы тексеру. Жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша 23 нотариус тәртіптік жауапкершілікке тартылып, ескерту, сөгіс және лицензияның қолданылуын тоқтату шаралары қолданылды.

Жоспарлы тексерулер нәтижесінде 14 нұсқама шығарылып, бір жағдайда лицензияның қолданылуы тоқтатылды, ал бір жағдайда лицензиядан айыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар 18 нотариус әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әділет органдары заңгерлік көмектің сапасына бақылау жүргізеді. Осы функция аясында 2025 жылы Департамент нотариаттық қызметпен айналысу лицензиясынан айыру туралы 4 талап-арыз сотқа жолдады.

Аталған істердің біреуі бойынша сот лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады, ал қалған үш талап-арыз қаралу үстінде. Сотқа жүгінуге нотариустардың көмекшілерінің нотариаттық әрекеттер жасауы, электрондық цифрлық қолтаңбаны үшінші тұлғаларға беруі және атқарушылық жазбаларды рәсімдеу кезінде жол берілген өрескел заңбұзушылықтар негіз болды.

Адвокаттар мен заң консультанттарының қызметі

Астана қаласында 857 адвокат қызмет атқарады. 2025 жылы 7 адвокат тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға ескерту мен сөгіс берілді. Сонымен қатар 48 лицензияның қолданылуы тоқтатылып, бір лицензия бойынша айыру туралы шешім қабылданды. Әртүрлі негіздер бойынша бір адвокаттың қызметі тоқтатылды.

Сондай-ақ, елордада 3 287 заң консультанты тіркелген. Жыл қорытындысы бойынша 10 заң консультанты тәртіптік жауапкершілікке тартылып, ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс және алдын алу шаралары қолданылды. Бір заң консультанты палата мүшелігінен шығарылды.

Тегін заң көмегі: қолжетімділік пен қамту

Департамент қызметінің маңызды бағыттарының бірі – тегін заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. 2025 жылы мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету бойынша 199 адвокатпен және 74  заң консультантымен келісімшарттарға қол қойылды.

Аталған келісімдер аясында заңнамада көзделген жағдайларда 16 862 азамат тегін заң көмегін алды. Бұл әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғауға және тұрғындардың құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.