«Астана Опера» скрипкашылары атақты композитор Иоганн Бахтың шығармаларын орындайды
«Астана Опера» әлемдік музыкадағы басты тұлғалардың бірі – Иоганн Себастьян Бахқа арналған кештер топтамасын жалғастырады. 23 желтоқсанда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында театрдың жарқын скрипкашылары мен шақырылған әртістердің орындауында композитордың сонаталары мен партиталары шырқалады, деп хабарлады Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл театрдың шығармашылық ұжымы барша музыкалық әлеммен бірге ұлы неміс классигінің 340 жылдығын атап өтуде. Тыңдармандардың сүйіспеншілігіне ие «Музыкалық альянс» топтамасы аясындағы бұл концерт біртуар композитор, органист-виртуоз, капельмейстер әрі ұстаз И.Бахтың кемеңгерлігіне аспапшы музыканттардың көрсететін құрметі болмақ.
Осы кеште сахнаға орындаушылық шеберліктері жоғары деңгейдің кепілі болып табылатын әртістер шығады. Идея авторы әрі «Музыкалық альянс» жобасының шабыт берушісі – «Астана Операның» бірінші скрипкасы әрі оркестр солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов. Онымен бірге мәңгі өшпес сонаталар мен партиталарды театрдың дарынды скрипкашылары Әнел Шәкірова, Ақмарал Жанғазина мен Әсел Жақиянова орындайды. Оларға шақырылған әртістер Мәдина Капеу мен Еркебұлан Сапарбаев қосылады. Классиканы бағалайтын жандарды И.Бах шығармашылығын қызықты зерттеу күтеді, ал концерттің әр қатысушысы орындауға өзінің бірегей пайымдауы мен құштарлығын қосады.
- Иоганн Себастьян Бахтың туындылары – әлі күнге дейін ерекше тың әрі өзекті шырқалатын әлемдік музыканың іргетасы. Оның туындылары бізді барокко дәуіріне жетелеп, өзінің маңыздылығын жоғалтпайды және әркімге түсінікті болып қала бермек, - деп пікірімен бөлісті Бағдат Әбілханов. – Ол өз дәуірінің ең озық үлгілерін жинады, оның музыкасы кейіннен (Моцарттан бастап заманауи композиторларға дейін) пайда болған барлық музыканың негізін қалады. Оның өзіндік стилі – полифония, мұнда бірнеше әуен біртұтас болып өрілді, бұл – қазіргі таңда да өзінің тереңдігімен әрі сұлулығымен таңғалдыратын шеберліктің шыңы. Біз барлық көрерменді осынау ғажайып әлемге бойлауға және Бахтың неліктен жүрегімізде мәңгі қалатынын сезінуге шақырамыз, - деп қорытындылады орындаушы.
Айта кетейік, концерттің басталуы 23 желтоқсанда сағат 19.00-де.
Бұған дейін «Астана Опера» театрының Омандағы қойылымын екі күнде 2 мыңнан астам көрермен тамашалаған болатын.