Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді – Бектенов

Бүгін, 11:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруды жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдардың назарын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларын орындаудың маңыздылығына аударды.

«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Бұл ретте қалаларда қолайлы, жайлы ортаны қалыптастыруға көңіл бөлу керек. Мектептер мен балабақшалар, ауруханалар жақын әрі қолжетімді болуы тиіс. Тиісті инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да озық қарқынмен жүруі керек.

Ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Бәйтерек» холдингіне әкімдіктермен бірлесіп, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды іске асыруды жандандыру тапсырылды.

Еске сала кетейік, Астанада құрылыс барысын қадағалау үшін ЖИ технологиялары енгізілді.