Астана күні: Елордада жаңа саябақ ашылды
Астана күнінде елорданың «Алматы» ауданына қарасты Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы, 23 мекенжайында жаңа саябақ пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Саябақтың ашылу салтанатында «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Серәлі Тәжіханов сөз сөйлеп, тұрғындарды қала күнімен және жаңа саябақтың ашылуымен құттықтады.

«Бүгін тұрғындардың игілігіне жаңа қоғамдық кеңістік пен «Алма» саябағы жаңғыртылып пайдалануға ұсынылып отыр. Мұның бәрі - «Алматы» ауданы әкімдігінің жүзеге асырып жатқан жобалары. Балаларға арналған ыңғайлы да жайлы орынды күтіп ұстауларыңызды сұраймыз», - деді «Алматы» ауданы әкімінің орынбасары Серәлі Тәжіханов.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл аумақ бұрын бос жатқан жер болса, бүгінде заманауи жабдықталған спорттық кеңістікке айналып отыр.
«Инвестормен келісімге келіп, аумақты толық абаттандырдық.
Мұнда workout алаңдары, ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары, баскетбол және волейбол алаңдары салынды. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлдік. Атап айтқанда, асық ату, арқан тарту, қол күшін сынау, гір көтеру алаңдары қарастырылды. Бұдан бөлек, үстел теннисі мен шахмат ойнауға арналған орындар бар. Нақтылай түссек, 8 тренажер, 2 workout алаңы, армрестлингке арналған 2 үстел және ұзындығы 300 метр болатын жүгіру жолы салынды. Жалпы саябақтың көлемі – 3 мың шаршы метр.
Осы алаңның жанындағы «Алма» саябағына да реконструкция жүргізілді. Онда балалардың ойын алаңдарына негізгі басымдық берілді», - дейді «Алматы» ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Данияр Қожахметов.
Оның айтуынша, биыл «Алматы» ауданында 28 аула абаттандырылып, 8 саябақ күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Құдайбердіұлы даңғылындағы №23 және №36 үйлердің, сондай-ақ Қошқарбаев көшесіндегі №13 және №15 үйлердің арасында жаңа саябақ пайдалануға берілді.
Ал Бауыржан Момышұлы даңғылы мен Шарль де Голль көшесі бойындағы реконструкция жұмыстары жалғасуда. Бұл екі жобаны да жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, жаңа саябақтың ашылу салтанатында балаларға ойын-сауық ұйымдастырылды. Ал тұрғындар демалыс орнын пайдалануға берілгеніне ризашылықтарын білдірді.