«Astana Eurasian Book Fair – 2026»: Дастан Ақаштың «Корей тілі» оқу құралының тұсаукесері өтті

«Astana Eurasian Book Fair – 2026»: Дастан Ақаштың «Корей тілі» оқу құралының тұсаукесері өтті
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

«Astana Eurasian Book Fair – 2026» IX халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында шығыстанушы ғалым Дастан Ақаштың «Корей тілі» оқу құралы» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Корей тілі – қазіргі таңда әлемдегі дамып келе жатқан тілдің бірі. Жалпы, Оңтүстік Корея мен Қазақстанның мәдениеті ұқсас. Екі ел арасында байланыс бұрыннан бар. Байланысымыз алғаш рет сонау 1897 жылдары басталған. Содан бері 140 жыл болды. Ал одан кейінгі 1937 жылдардағы корей халқының бір бөлігін күштеп көшіруден бастап есептесек, одан бері де 90 жыл уақыт өтті. Дегенмен еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері корей тілінің оқу құралы алғаш рет шығып отыр. Қазіргі таңда корей тілі әлемнің 87 елінде оқытылып жатыр. Қазақ тілін дамытуда, болашақта ғылым мен мәдениет тіліне айналдыру жолында осы корей тілінің тәжірибесін пайдалануға болады», – деді Дастан Ақаш.

Қатысушылар бұл кітаптың екі ел арасындағы мәдени және дипломатиялық байланысты нығайта түсуге серпін беретінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Корея – әлемдік деңгейдегі креативтік технологияларды пайдалана отырып, өзінің ұлттық салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін, тарихын өте тиімді насихаттап отырған мемлекет. Сондықтан да біздің де осы елден үлгі алатын тұстарымыз көп. Олар өздері ойлап тапқан форматы арқылы Кореяның сан ғасырлық рухани құндылықтарын бүкіл әлемге үлгі етіп отыр. Қазір жасөспірімдер Кореяның актерлеріне еліктеп жатады. Сол жақтың контентіне әуес жастар аз емес. Болашақта қазақ мәдениеті де солай болады деп ойлаймын. Ал бұл кітапты соған жол сілтейтін, рухани бауырластығымызды нығайтатын жоба деп білемін. Осы кітап екі елдің мәдени интеграциясын күшейтуге белгілі бір деңгейде үлес қосады деп ойлаймын. Дастан Ақаш шығыстанушы ғалым, зерттеуші ғана емес, медиа саласының білгір маманы. Оның еліміз жайлы, ұлттық құндылықтарымыз туралы зерттеу мақалалары Кореяның бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұрады. «Елдестірмек елшіден» дегендей, дипломатиялық елшілеріміз ғана емес, осындай рухани елшілеріміз де көп болсын», – деді медиа саласының менеджері Ринат Кертаев.

Бұған дейін халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне келушілер саны 20 мыңға жеткенін жазған едік.