Астана әуежайында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті

Астана әуежайында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті
Фото: Астана әуежайы

Астана халықаралық әуежайында Қазақстанның жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмыстары аясында еңбек ұжымымен кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасылов сөз сөйледі. Әуежай жұмыскерлеріне Конституция жобасының негізгі ережелері, оның ішінде әлеуметтік кепілдіктерге, азаматтардың құқығы мен бостандығына, сондай-ақ еңбек саласына қатысты өзгерістер кеңінен түсіндірілді.

Ермек Баяхметұлы мұндай кездесудің басты мақсаты - ашық диалог қалыптастыру және конституциялық өзгерістердің мәнін түсінуге қажетті құқықтық ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Кездесу барысында әуежай ұжымы өздерін қызықтырған сұрағын қойып, жаңа Конституция жобасының жекелеген нормасы бойынша нақты түсіндірме алды.

«Біз үшін әуежай жұмыскерлерінің қандай өзгерістер ұсынылып отырғанын және олардың азамат құқығы мен еңбек кепілдігіне қалай әсер ететінін түсінуі өте маңызды. Мұндай кездесулер адамдарға құқықтық тұрғыдан қорғалғанын сезінуге мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде жұмысты байыпты әрі жауапкершілікпен атқаруға ықпал етеді», - деді Астана халықаралық әуежайының Басқарма төрағасы Бекен Сейдахметов.

Сондай-ақ кездесуде жаңа Конституция жобасы қоғамдық сұранысты ескере отырып әзірленгені және адам құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша жалпыұлттық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді.

Еске сала кетсек, Ұлттық коалиция өкілдері Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымымына жаңа Конституция жобасы бойынша кездесу өткізді.