Астана әлеуметтік кәсіпкерлер саны бойынша көш бастап тұр
Бүгінде Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде шамамен 1 780 кәсіпкер тіркелген. Оның 270-і елордада жұмыс істейді. Бұл – республикадағы жалпы көрсеткіштің 15 пайызы. Осылайша, Астана әлеуметтік кәсіпкерлер саны бойынша Қазақстанда көш бастап тұр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік кәсіпкерлік – экономикалық құндылық қалыптастырумен қатар, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кәсіпкерлік қызмет. Атап айтқанда, мұндай бизнес жұмыс орындарын құруға, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсетуге, білім беру, оңалту, мәдениет, спорт және басқа да қоғам үшін маңызды салаларды дамытуға үлес қосады.
Астананың әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде қызмет бағытына қарай төрт санат бар.
Бірінші санатқа халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды жұмыспен қамтып, олардың еңбекке араласуына және ортаға бейімделуіне жағдай жасайтын кәсіпкерлер кіреді.
Екінші санатқа әлеуметтік осал топ өкілдері өндірген тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өткізуге жәрдемдесетін кәсіпкерлер жатады.
Үшінші санат – күтім жасау, әлеуметтік қолдау және оңалту сияқты қоғам үшін маңызды қызметтер көрсететін бизнес субъектілері.
Төртінші санатқа білім беру, мәдениет пен спортты дамытуға, отбасы мен балалық шақты қолдауға, халықтың денсаулығын нығайтуға, қоршаған ортаны қорғауға және басқа да қоғамдық маңызы бар мақсаттарға бағытталған жобалар кіреді.
Елордада бұл бағыттағы оң үрдіс сақталып отыр. Тізілім соңғы рет жаңартылғаннан кейін әлеуметтік кәсіпкерлер саны 26 адамға артқан. Оның ішінде 13 кәсіпкер төртінші санатқа, 11-і бірінші санатқа, ал екеуі үшінші санатқа жатады.
Қала әкімдігі әлеуметтік кәсіпкерлікті кешенді түрде қолдап келеді. Бүгінде елорданың 100-ден астам кәсіпкері түрлі қолдау шараларына ие болды. Олардың қатарында мемлекеттік гранттар беру, кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сондай-ақ ақпараттық-консультациялық қолдау бар.
Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіліміне енгізу үшін өтінімдерді қабылдаудың кезекті кезеңі 2026 жылғы 1-15 қыркүйек аралығында өтеді.
Сонымен қатар 15-20 қазан аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беруге арналған ашық конкурсқа өтінімдер қабылдау жоспарланып отыр.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту арқылы бір мезетте жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және қаланың тұрғындарға қолайлы әрі инклюзивті ортаға айналуына ықпал ететін бастамаларды қолдауға мүмкіндік бар.\
Еске салсақ, Астанада биыл күзде 35 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады.