Әскери қызметшілер мен отбасы мүшелері пойызбен тегін қатынай алады
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне пойызбен тегін қатынау құқығын іске асыруға арналған кешенді іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шара аясында 1 қаңтардан бастап еліміздегі барлық күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет ел аумағында жолаушылар пойыздарымен тегін қатынай алатыны жөнінде нақты мәлімет берілді. Бұл бастама әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың отбасымен бірге сапарлау мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Ақпараттандыру барысында «Жолаушылар тасымалы» АҚ Тасымалдау экономикасы және есебі департаментінің бас менеджері Айнұр Базарбаева тегін жол жүру құқығы тек Қазақстан ішіндегі бағыттарда қатынайтын жолаушылар пойыздарына қолданылатынын атап өтті. Сондай-ақ аталған шығындар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаражаты есебінен өтелетінін түсіндірді.
Жиынға қатысқан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ тариф саясаты департаментінің директоры Диас Түсіпбеков әскери қызметшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеңілдікті пайдалану барысында туындауы мүмкін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерге тоқталды.
Іс-шара қорытындысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов жобаны іске асыруда белгіленген талаптың қатаң сақталуы қажеттігін айтты. Ол аталмыш әлеуметтік қолдаудың әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға, демалысты алдын ала жоспарлауға және жол шығынын азайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді.