«Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды

Бүгін, 11:51
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар сотталды
Фото: freepik.com

Алматы қаласында «Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған топтың 90 мыңға жуық азаматтан жалпы сомасы 25 млрд теңге қаражат тартқаны анықталды. Олар салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс түсетінін уәде еткен.

Сотталғандар салымшыларды құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехын жүргізу, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғаны туралы жалған мәліметпен жаңылыстырған. Шын мәнінде, өнімдер өзге жеткізушілерден сатып алынып, «Asar Baspana» логотипімен таңбаланған.

2024 жылғы желтоқсаннан бастап, азаматтардың пирамидаға деген сенімі азайған тұста, ұйымдастырушылар автомагазиндердің ашылғаны және дилерлермен ынтымақтастық орнатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Іс жүзінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, туыстарының атына рәсімделген.

«Сот үкімімен Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Он үш өңірлік жетекші 5 жылға шартты түрде сотталды», - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, жалпы сомасы 5,6 млрд теңгеге бағаланған бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Қаржы пирамидасының қарағандылық бөлімшесінен 212 млн теңгенің криптовалютасы тәркіленгені туралы жаздық.