Арыстағы қайғылы оқиға: үш адам қаза тауып, екі адам ауруханаға түсті

Арыстағы қайғылы оқиға: үш адам қаза тауып, екі адам ауруханаға түсті
Фото: pexels.com

Арыс қаласында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, JAC маркалы автокөліктің жүргізушісі мас күйінде бірнеше адамды қағып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Хабар түскеннен кейін полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жетіп, жедел-іздестіру шараларын бастаған. Нәтижесінде көп уақыт өтпей күдікті анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Полицияның мәліметінше, жол апаты салдарынан үш адам, оның ішінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім оқиға орнында көз жұмған.

Сондай-ақ түрлі дене жарақатын алған тағы екі адам медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті көмек көрсетілген.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады», – делінген хабарламада.

Түркістан облысының полиция департаменті азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Бұған дейін биыл ақылы жолдарда 2 мыңға жуық көлік нөмірін жасырып жүргенін жазған болатынбыз.