Арқалықта су тасқынына қарсы жұмыстарға Ұлттық ұлан жұмылдырылды
Қостанай облысының Арқалық қаласында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері құтқарушылар және азаматтық қорғау органдарының мамандарымен бірлесіп, су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жұмыстар көктемгі жылыну мен қардың еруі кезеңінде болуы мүмкін қауіптердің алдын алуға бағытталған.
Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінен 70-ке жуық әскери қызметші Арқалыққа жіберіліп, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметіне көмек көрсетуде. Қазіргі уақытта әскери қызметшілер су жиналуы ықтимал аумақтарды бақылауға алып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда.
Сонымен қатар, халыққа, әсіресе тыл ардагерлеріне көмек көрсетуге ерекше назар аударылды. «Новый» ауданында әскери қызметшілер аула аумақтарын қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін 200-ден астам аула тазартылып, жұмыстар жалғасуда.
Ұлттық ұлан сарбаздарының құтқарушылармен және жергілікті билік өкілдерімен үйлесімді жұмысы өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.