Референдум-2026

Ақтөбе, Алматы және Астана бағыттарындағы жолдарда жылдамдықты бақылау күшейді

Бүгін, 10:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбе, Алматы және Астана бағыттарындағы жолдарда жылдамдықты бақылау күшейді
Фото: Magnific.соm

2026 жылғы 10 шілдеден бастап автожолдардың тағы бес учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмысын бастайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

ІІМ мәліметінше, бұл тәсіл қауіпті маневрлердің, жылдамдықты күрт арттырудың алдын алып, жүргізушілердің бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауына ықпал етеді.

2025 жылғы 17 наурыздан бастап орташа жылдамдықты бақылау республикалық маңызы бар ақылы автожолдардың жалпы ұзындығы шамамен екі мың шақырымды құрайтын сегіз учаскесінде жүзеге асырылып келеді.

Ал 2026 жылғы 10 шілдеден бастап бұл жүйе жалпы ұзындығы 525 шақырым болатын тағы бес учаскеде іске қосылады:

Ақтөбе — Қандыағаш;

Алматы — Қорғас;

Көкшетау — Петропавл;

Астана — Теміртау (қосымша учаскелері);

Астана — Щучинск (қосымша учаскелері).

Сонымен қатар қазіргі уақытта жалпы ұзындығы шамамен 2,5 мың шақырым болатын тағы 14 ақылы жол учаскесін кезең-кезеңімен осы жүйеге қосу мәселесі қарастырылуда.

«Орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізудегі басты мақсат - жүргізушілерді жазалау емес, адам өмірін сақтау. Статистикаға сәйкес, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді», - дейді ІІМ өкілі. 

ІІМ барлық жол жүрісіне қатысушыларды белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият әрі жауапты болуға шақырады.

Еске салайық, бұдан бұрын 10 шілдеден бастап төрт ақылы жолда орташа жылдамдық бақыланатыны туралы жаздық.