Референдум-2026

10 шілдеден бастап төрт ақылы жолда орташа жылдамдық бақыланады

Бүгін, 12:28
Думан Аманжол Думан Аманжол
10 шілдеден бастап төрт ақылы жолда орташа жылдамдық бақыланады
фото: Оңалхан Өнерхан

10 шілдеден бастап республикалық маңызы бар автожолдардың жекелеген ақылы учаскелерінде көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау енгізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚазАвтоЖол-ға сілтеме жасап.

Компания мәліметінше, бұл шара жол апаттарын азайтуға, жылдамдық режимін бұзудың алдын алуға және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Орташа жылдамдықты бақылау екі бағытта келесі учаскелерде қолданылады: Ақтөбе – Қандыағаш; Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл; Астана – Теміртау, Аршалы – Ошағанды учаскесі.

«Жүйені енгізудегі басты мақсат – жазалау емес, жолдағы қауіпті әрекеттердің алдын алу. Тәжірибе көрсеткендей, жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелетін негізгі факторлардың бірі болып қала береді. Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі камера алдындағы бір реттік жылдамдықты ғана емес, жүргізушінің бүкіл жол учаскесіндегі нақты қозғалыс мәнерін анықтауға мүмкіндік береді», делінеді хабарламада.

Яғни жүйе көлік құралының белгілі бір аралықты қандай жылдамдықпен жүріп өткенін есептейді. Мұндай тәсіл жүргізушінің тек камераның алдында ғана жылдамдықты азайтып, кейін қайтадан қауіпті деңгейге дейін үдетуіне жол бермейді.

Жылдамдық режимін бұзуды автоматты түрде тіркеу республикалық автожолдардағы апаттылықты төмендетуге бағытталған алдын алу шаралары аясында енгізілуде. Қозғалыс қарқындылығы жоғары ақылы учаскелерге ерекше назар аударылады. Себебі мұндай жолдарда жылдамдық режимін сақтау барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Осы орайда ҚазАвтоЖол жүргізушілерді сапарды алдын ала жоспарлауға, «Ең жоғары жылдамдықты шектеу» жол белгілерінің талаптарын сақтау мен белгіленген жылдамдық режимін асырмауға шақырды.