Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің дайындығы тексерілді

Бүгін, 13:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің дайындығы тексерілді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақтау гарнизонында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік, техникалық және жедел дайындық деңгейін кешенді түрде тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында кезекшілікті ұйымдастыруға, жауынгерлік әзірлікке және бөлімшелердің күнделікті тыныс-тіршілігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, генерал-лейтенант әскери қызметшілердің тұрмыс жағдайымен танысып, олардың материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейін бағалады.

Десанттық-шабуылдау бригадасына барған кезінде Қаныш Әбубәкіров жеке құрамға адал қызметі үшін алғыс білдіріп, олардың кәсібилігі мен патриоттық рухын жоғары бағалады.

«Орал» зымыран-артиллериялық кемесінде қару-жарақ, навигациялық және радиотехникалық жүйелердің дайындығы тексерілді. Оқу-жаттығу барысында экипаждың атыс тапсырмаларын орындау әрекеттері пысықталып, олардың үйлесімділігіне баға берілді.

Сондай-ақ, «Қайсар» диверсияға қарсы катері мен арнайы бөлімшелердің Каспий теңізіндегі қазақстандық сектор мен порттық аймақтарды қорғауға дайындығы қаралды.

Бас штаб бастығы Әскери-теңіз күштерінің өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, оларды жаңғырту қорғаныс саласының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.

Инспекция қорытындысы бойынша жауынгерлік даярлықты жетілдіру және бөлімшелердің өзара іс-қимылын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.