06.12.2025
RU
Мәзір

Әлемдік бокс жұлдызы Рой Джонс астаналық жас спортшыларға шеберлік дәрісін өткізді

|
Әлемдік бокс жұлдызы Рой Джонс астаналық жас спортшыларға шеберлік дәрісін өткізді
Фото: Нұркен Мерғалиев

Астанадағы SANA Sport спорт кешенінде әлемдік бокс жұлдызы, кәсіпқой бокста абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс жас спортшыларға арналған шеберлік дәрісін өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында 56 жастағы Рой Джонс жастарға жетістікке жету үшін еңбек пен табандылықтың маңызын түсіндірді. Ол әрбір спортшының жеке дайындық жоспарын құруы, техниканы жетілдіруі және ойын тактикасын меңгеруі қажет екенін айтты.

Сондай-ақ спортпен айналысқан адам бос уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ жүруі керек екенін атап өтті. Жас спортшылар мен бапкерлер әйгілі боксшыға сұрақтар қойды.

Бокстағы тәжірибесін бөліскен Рой Джонс өзінің мансабындағы есте қалған сәттері, спорттағы қиындықтар мен жеңістер туралы айтты.

«Менің бокс мансабым 1974 жылы басталды. Әкем де көптеген боксшыны жаттықтыратын. Бір күні оның бөлмесінде Мұхаммед Әлидің жекпе-жегін көріп, бокс тек күшпен ұру емес, ақыл мен стратегияға негізделген өнер екенін түсіндім. Сол сәттен бастап бокс менің өміріме айналды», – деді Рой Джонс.

Жиында әлемге танымал даңқты спортшы тек кеңес беріп қоймай, рингте ашық жаттығу да өткізді. Ол қатысушыларға бокстың психологиялық және тактикалық қырларын көрсетті.

Айта кетейік, Рой Джонс мансабын аяқтағаннан кейін де 2020 жылы әйгілі Майк Тайсонмен жұдырықтасып, көрерменге керемет шоу тарту еткен болатын.

Сонымен қатар ол киноларға да түсіп, музыкалық шығармаларымен де танымал болды.

Кездесу соңында Рой Джонс жас спортшылармен естелік суретке түсіп, автограф берді.

Естеріңізге сала кетейік, Рой Джонс былтырғы желтоқсанда да Астанаға келген болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗