Әлем кубогы кезеңі: Қазақстан боксшылары алғашқы күнді үш жеңіспен бастады
Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан Әлем кубогының кезеңі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық Олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасынан бес боксшы шаршы алаңға шықты.
54 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай 1/16 финалда Түркия өкілі Айшен Ташкынды сенімді түрде жеңді.
Сондай-ақ, 70 келіге дейінгі салмақта Фарух Тоқтасынов та 1/16 финалда жеңіске жетті. Ол жекпе-жекте екі рет нокдаунға түскеніне қарамастан, төрешілердің шешімімен (3:2) ирландиялық Джон Макконеллдан басым түсті.
80 келіге дейінгі салмақта Диас Молжігітов 1/8 финалға жолдама алды. Ол жапониялық Кай Ториабені мерзімінен бұрын жеңді. Жекпе-жек екінші раундта аяқталды.
Ел құрамасының екі боксшысы жарыстан шығып қалды. 60 келіге дейінгі салмақта Жансері Көшербаев ирландиялық Джуд Галлахерге есе жіберсе, 90 келіге дейінгі салмақта Дәулет Төлемісов бразилиялық Исаиас Фильоға жол берді, делінеді хабарламада.
Еске салсақ, Әлем кубогы кезеңінде қазақстандық боксшылардың қарсыластары кімдер екенін жазғанбыз.