Алаяқтықпен 95 млн теңгені иемденген қазақстандық Түркиядан экстрадицияланды
Оны қазақстандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері Түркияның Анталия қаласынан экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас пропуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экстрадияцияны Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері жүзеге асырды. Күдікті бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Ол 2019–2020 жылдары алдау арқылы төрт Шымкент қаласы тұрғынының ақшасы мен жер учаскелерін иемденіп, шамамен 95 млн теңге көлемінде шығын келтірген. Жауапкершіліктен жалтарып, қашып кеткен күдіктіге халықаралық іздеу жарияланады. Кейін ол Түркия аумағында ұсталды.
Бас прокуратураның сұратуы бойынша күдікті елге жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды.
Айып тағылған қылмыстары үшін оған мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі азаматтардың смартфондарына зиянды қосымша орнату арқылы қашықтан қол жеткізетін алаяқтық схема туралы ескертті.